Республика күніне орай еліміз бойынша 196 өнеркәсіптік және әлеуметтік маңызы бар жаңа нысан пайдалануға берілді. Жобалардың жүзеге асырылуы — мемлекет басшысының өңірлерді дамытуға және халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған тапсырмалары аясында жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Екібастұзда «AZFERROLIMITED» ЖШС жаңа ферроқорытпа зауыты іске қосылды. Кәсіпорын жылына 60 мың тоннаға дейін өнім өндіре алады. Зауыт экологиялық және технологиялық қауіпсіздік бойынша халықаралық стандарттарға сай келетін екі заманауи электр пешімен жабдықталған.
Жаңаөзенде мұнай-газ саласына арналған өнім шығаратын «Каскор-Машзавод» ЖШС зауыты жұмысын бастады. Кәсіпорын жылына 540 мың сорап штангасын және 51 мың тонна сорап-компрессорлық құбырлар өндіруге қауқарлы. Толық қуатына шыққанда 250 жаңа жұмыс орны ашылады.
Қарағанды облысында Шет ауданындағы С. Сейфуллин атындағы елді мекенде «Сыр өнімдері» жеке ірімшік цехы іске қосылды. Кәсіпті көпбалалы ана Ж. Қантарбаева халықты жұмыспен қамту орталығының грантын (400 АЕК) жеңіп алып ашқан. Мұнда FRESHCHEESEZHARYK брендімен 7 түрлі ірімшік өндіріледі.
Жетісу облысында «Талдықорған – Үшарал» магистральды газ құбыры жоспардан бұрын аяқталды. Ашылу рәсімінде алты автоматтандырылған газ тарату станциясында көгілдір отын алаулары жағылды. Сондай-ақ «Кайнар-АКБ» зауытында резервтік электрмен қамту жүйелеріне арналған өнеркәсіптік аккумуляторлар шығаратын жаңа өндірістік желі іске қосылды.
Талдықорғанда «Бірлік» ықшамауданында 0,62 гектар аумақта жаңа сквер салынып, абаттандырылды. Онда жарықтандыру, автоматты суару жүйесі, көгал, демалыс аймақтары және балалар алаңы орнатылды.
Қызылорда облысында нан, кондитерлік, бисквиттік және макарон өнімдерін өндіретін жаңа кешен іске қосылып, өңірдің азық-түлік әлеуетін күшейтті.
Қостанай облысында «KIA Qazaqstan» компаниясының KIA автомобиль зауыты жұмысын бастады. Кәсіпорында 1 500 жұмыс орны құрылды. Өндіріс еліміздегі автопромды және оған қатысты салаларды дамытуға серпін береді.
Жалпы, мереке қарсаңында еліміздің барлық өңірінде — Ақмола, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Абай және Жетісу облыстарында, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында 200-ге жуық жаңа нысан пайдалануға берілді.
Жаңа нысандар қатарында мектептер, балабақшалар, денсаулық сақтау мекемелері, жолдар, спорт кешендері, инженерлік инфрақұрылым, өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары, абаттандыру жобалары бар.
