STEPPENEWS.KZ: Қазақстан киносы мен театр өнері тағы бір талантты өкілінен айырылды. Танымал актер Мұрат Бисембин өмірден озды. Қаралы хабарды марқұмның қызы растады.
Соңғы жылдары актер ауыр дертпен күрескен. Дәрігерлер оған ұйқыбезінің қатерлі ісігі диагнозын қойған болатын. Ұзақ уақыт бойы ем қабылдап, дертке қарсы табандылықпен күрескенімен, жағдайы өткен жылдың соңында күрт нашарлаған. 2025 жылдың соңында инсульт алып, денсаулығы мүлде әлсірегені белгілі.
Жақындары мен әріптестері Мұрат Бисембиннің өмірі үшін соңына дейін күресті. Қымбат ем-домға қаражат жиналып, түрлі медициналық көмек көрсетілгенімен, тағдыр оны арамыздан ерте алып кетті.
Мұрат Бисембин көрермен жадында, әсіресе, «Рэкетир» фильміндегі жарқын бейнесі арқылы сақталды. Бұл рөл оны көпшілікке кеңінен танытып, қазақ киносының есте қалар тұлғаларының біріне айналдырды. Актердің өнері, сахнадағы және экрандағы шынайы образдары көрерменнің жүрегінен ерекше орын алды.
Бұл қаза — қазақ өнері үшін орны толмас ауыр қайғы. Мұрат Бисембиннің жарқын бейнесі мен шығармашылық мұрасы ел жадында мәңгі сақталады.

