STEPPENEWS.KZ: Алматыда танымал әнші Рахат Тұрлыхановтың қатысуымен кезекті отбасылық жанжал шығып, оқиға орнына полиция жасағы шақыртылды. Медеу ауданында болған бұл жағдайдан кейін жанжалға қатысушылардың барлығы аудандық басқармаға жеткізілген.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, тексеру барысында жәбірленуші әйел бастапқыда өзіне физикалық күш көрсетілгенін айтқан. Алайда кейінірек ол соққыға жығу дерегін жоққа шығарып, тек отбасылық жанжал фактісі бойынша арыз жазумен шектелген.
Аталған дерек бойынша әншіге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабы, 1-бөлігімен хаттама толтырылды. Бұл бап отбасы мүшелерінің тыныштығын бұзатын балағат сөздер айту, қорлау немесе мүлікті зақымдау әрекеттері үшін жауапкершілікті қарастырады. Заң бойынша кінәлі адамға ескерту жасалуы, 20 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа жегілуі немесе 5 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін.
Айта кетейік, Рахат Тұрлыханов бұған дейін де отбасылық жанжалдарға байланысты әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сот шешімімен 10 тәулікке қамалған болатын.

