SteppeNews.kz: Ұлыбританиядағы Radio Caroline радиостанциясы техникалық қателік салдарынан король Чарльз III-тің қайтыс болғаны туралы жалған ақпарат таратып жіберген.
Эфир кезінде радиостанция күтпеген жерден британ монархы қайтыс болған жағдайда қолданылатын арнайы хаттаманы іске қосқан. Осыдан кейін эфирде Ұлыбританияның мемлекеттік әнұраны – «Құдай корольді сақтасын» шырқалған. Тыңдармандардың бірінің айтуынша, одан кейін радиостанцияның хабар таратуы шамамен 15 минутқа тоқтап қалған.
Кейінірек Radio Caroline директоры Питер Мур бұл жағдайды техникалық ақаумен түсіндірді. Facebook желісінде жарияланған хабарламада ол 19 мамыр, сейсенбі күні бас студиядағы компьютерлік қате салдарынан мемлекет басшысы қайтыс болған жағдайда қолданылатын «Монархтың қазасы» процедурасы кездейсоқ іске қосылғанын айтқан.
«Мәртебелі Корольден және тыңдармандарымыздан туындаған қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз», – деді Мур.
Оқиғадан кейін корольдің қазасы туралы жалған хабар радиостанция тыңдармандары арасында түсінбеушілік тудырған.
