Танымал әнші Медеу Арынбаев «Хабар» телеарнасындағы «КЕШREC» бағдарламасында қызы дүниеге келгенде айтқан бір ауыз сөзі үшін әлі күнге өкінетінін жеткізді.
Әнші екінші перзенті де ұл болады деп күтіп жүріп, қыз екенін естігенде көңілі түсіп қалғанын жасырмады.
«Қоңырау соғып, «Сіз Медеу Арынбаевсыз ба?» деп сұрады. Иә, иә, тез айтыңызшы деп асықтырдым. Жігіттермен шерімізді тарқатып, әңгімелесіп отыр едік. Бүгін-ертең босанып қалады деп күтіп жүрген кезіміз. Орысша «Сізді құттықтаймыз, қызды болдыңыз!» деп хабарлады. «Да вы что! Нормально!» деп жібердім. Сөздің ашығын айтсақ, жігіттерге екінші ұлым дүниеге келеді деп айтып қойып едім. Сол сөзімді кешіре алмаймын. Неге олай дегенімді түсінбеймін. Мүмкін балалық шығар. Осы күнге дейін қызымның бетінен сүйген сайын, құшақтаған сайын кешірім сұрап қоятыным бар», — деді өнер иесі.
Еске сала кетейік, бұған дейін әнші марқұм жұбайы туралы естеліктерін айтып, көзіне жас алған болатын.
«Мен өмірдегі ең бақытты адаммын. Өйткені Айгүлім осындай ұлым мен қызымды сыйлап, тапсырып кеткен. Балаларымның тілегін білемін ғой. Одан артық бақыт бар ма? Сағым сынбай, осындай ұл мен қызды тәрбиелеу қолымнан келіп жатса, одан артық бақыт бар ма?
Бірақ мен ойымнан қайтпаймын. Тұрақтылықты жақсы көремін. Сынып кетуіме хақым жоқ. Өйткені Айгүлдің маған беріп кеткен шуағы, қуаты маған өмірімнің аяғына дейін жететін сияқты. Әлі есімде, мынаны айтатын, «біздің балаларымыз ешқашан қиналмайды, мен көрген қиындықты бұлар көрмейді, оны білемін, сенемін», деп маған өсиет сияқты қайта-қайта айта беретін.
Сол қуатпен, сол энергетикамен әлі күнге дейін келе жатқан сияқтымын. Осыдан кейін қалай сынамын?!» — деген Медеу Арынбаевтың жанары жасқа толып кетті.