STEPPENEWS.KZ: Әлеуметтік желіде Қызылорда қаласында бір топ жасөспірімнің бір жігітті жабылып ұрып жатқан видеосы тарап, жұртшылықтың наразылығын тудырды. Аталған дерекке қатысты полиция департаменті шұғыл әрекет етіп, тиісті қылмыстық іс қозғады.
Интернеттегі мәліметтерге сүйенсек, оқиға 18 ақпан күні сағат 21:00 шамасында болған. Бейнежазбада бірнеше бозбаланың бір адамды ортаға алып, күш көрсеткені анық көрінеді. Осы жағдайға байланысты Қызылорда облыстық Полиция департаменті бұзақылық бабы бойынша тергеу амалдарын бастады.
Тәртіп сақшылары оқиғаға қатысушылардың барлығын жедел түрде анықтап, полиция басқармасына жеткізді. Қазіргі уақытта болған жайттың мән-жайын толық әрі жан-жақты анықтау мақсатында тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық істің барысы департамент басшылығының тікелей бақылауына алынды. Тергеу қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға қатысты заңды процессуалдық шешім қабылданатын болады.

