STEPPENEWS.KZ: Қытай бүгінде атом энергетикасын ең қарқынды дамытып отырған әлемдік көшбасшылардың бірі. Қазіргі уақытта елде 58 атом реакторы жұмыс істеп тұр, тағы 30-дан астамы салынып жатыр. Жалпы алғанда, Қытайдың ядролық энергетика жүйесінде 100-ден аса реактор бар. АЭС-тер елдегі электр энергиясының шамамен 5 пайызын өндіреді, ал 2023 жылғы өндіріс көлемі 440 мың гигаватт-сағаттан асты.
Қытайдың басты артықшылығы – атом станцияларын сериялы әрі қысқа мерзімде салу тәжірибесі. Жаңа буындағы Hualong One реакторлары орта есеппен 5–6 жылда толық қуатқа шығады. Бұл технология халықаралық деңгейде мойындалып, бірқатар елдерде қолданысқа енгізілген.
Қазақстанның таңдауы неге Қытайға түсті?
Қазақстан билігі екінші және үшінші атом электр станцияларын Қытайдың Ұлттық ядролық корпорациясы (CNNC) салуы мүмкін екенін ресми түрде мәлімдеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай басшылығымен келіссөздер барысында CNNC-ті сенімді стратегиялық серіктес ретінде атап өтті.
Бірінші вице-премьер Роман Скляр да үшінші АЭС құрылысын қытайлық корпорацияға тапсыру жоспары бар екенін растады. Қазір салалық органдар жаңа станцияларды орналастыруға арналған ықтимал алаңдарды зерттеп жатыр.
2025 жылы Қытай ұлттық атом өнеркәсібінің құрылғанына 70 жыл толды. Осы уақыт ішінде ел шетелдік технологияларды игеруден бастап, толық ядролық циклге ие дербес индустрия қалыптастырды. Қытай уран өндіру, реактор жобалау, отын дайындау, қалдықтарды өңдеу және АЭС-ті пайдаланудан шығару кезеңдерінің барлығын өз күшімен атқара алады.
Бұл технологиялық тәуелсіздік Қытайға халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік беріп отыр.
Энергетик Жақып Хайрушевтің айтуынша, Қытайдың таңдалуына бірнеше фактор әсер еткен.
Оның сөзінше, Қытай әлемде атом блоктарын ең жылдам және тұрақты түрде салып жатқан ел. Бұл Қазақстан үшін нақты мерзімдер, кең жабдық базасы, түсінікті қаржыландыру тетіктері және жергілікті кәсіпорындарды өндіріс тізбегіне тарту мүмкіндігін білдіреді.
Сарапшы Hualong One реакторларының халықаралық қауіпсіздік стандарттарынан өткенін атап өтті. Бұл қытайлық жобалардың сенімділігі мен сапасын дәлелдейді. Сонымен қатар, Қытай атом саласында толық өндірістік циклға ие болғандықтан, сыртқы жеткізушілерге тәуелділік төмен.
Қытайдың атом энергетикасындағы тәжірибесі, құрылыс қарқыны және технологиялық әлеуеті Қазақстан үшін АЭС салуда маңызды мүмкіндік ұсынып отыр. Бұл әріптестік елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, жаңа технологиялар мен өндірістік құзыреттерді игеруге жол ашады.

