STEPPENEWS.KZ: Қытайдың Хунань провинциясында орналасқан Zhangjiajie ұлттық паркі – табиғаттың сирек кездесетін ғажайыптарының бірі. Көпшілікке «Аватар тауы» атауымен танылған бұл аймақ 2009 жылы жарық көрген Avatar фильміндегі қалықтап тұрған тауларға шабыт берген орын ретінде әлемге мәлім.
Zhangjiajie-дің басты ерекшелігі – биіктігі жүздеген метрге жететін кварцитті құмтас бағандары. Тік әрі жіңішке жартас құрылымдары тұманды күндері аспанда қалқып тұрғандай әсер қалдырады. Дәл осы көрініс Голливуд режиссерлерінің назарын аударып, кино әлеміндегі ең танымал фантастикалық пейзаждардың біріне негіз болған.

Ресми мәліметтерге сәйкес, 2024 жылы Zhangjiajie аймағына 5,6 миллионнан астам турист келген. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда шамамен 58 пайызға жоғары. Туристер 117-ден астам елден келген, бұл өңірдің халықаралық деңгейдегі туристік орталыққа айналғанын айқын көрсетеді.
Ал 2025 жылдың алғашқы жеті айында ғана Zhangjiajie қаласы 722 мыңнан астам шетелдік туристті қабылдаған.Бұл – 2024 жылмен 14,2% өсім болған. Осы уақыт аралығында халықаралық туризмнен түскен табыс 380 миллион АҚШ долларынан асқан.
Сарапшылардың пікірінше, Zhangjiajie – табиғат, кино индустриясы және туризм экономикасы тоғысқан бірегей аймақ. Бұл тәжірибе Қытайдың өңірлік туризмді дамытудағы тиімді моделін көрсетіп отыр.
Бүгінде «Аватар тауы» тек көрікті жер ғана емес, Қытайдың халықаралық туристік брендіне айналып, ел экономикасына елеулі үлес қосып келеді.

