STEPPENEWS.KZ: Қытайда тігу кезінде қате кеткен қызыл түсті ойыншық ат Қытай Жаңа жылы қарсаңында күтпеген сұранысқа ие болып, оған берілген тапсырыстар наурыз айына дейін толып кеткен.
«Пэнпай» басылымының хабарлауынша, өндіріс кезінде аузы теріс тігілген қызыл түсті жұмсақ ойыншық ат Қытай тұтынушылары арасында кеңінен танымал бола бастаған. Қызыл «отты ат» алдағы 17 ақпанда басталатын Қытай Жаңа жылының символы болып саналады.
Интернетте аузы «төңкеріліп» тігілген плюш ойыншықтың фотосы тарағаннан кейін, бастапқыда «күлімдеген ат» («Сяосяома») ретінде ойластырылған өнім көпшіліктің арасында «жылап тұрған ат» («Кукума») атауымен белгілі болды. Дәл осы өндірістік қате пайдаланушылар арасында ерекше қызығушылық тудырған.
Басылымның жазуынша, ойыншықтар дүкенінің иесі Чжан ханым тұтынушылардың қызығушылығын ескеріп, жұмысшыларға тігісті өзгертпеуді және «жылап тұрған» нұсқаны шығарып, жалғастыруды тапсырған. Соның нәтижесінде өндіріс желілері екіден онға дейін кеңейтіліп, тәуліктік өнім көлемі 15 мың данаға жеткен. Қазіргі уақытта ойыншыққа берілген тапсырыстар наурыз айына дейін жоспарланған.
Сондай-ақ, дүкен директоры ойыншықтың дизайнына патент алуға өтініш бергенін мәлімдеді. Оның айтуынша, өнімнің бастапқы бағасы — 25 юань, шамамен 1 826 теңге.

