STEPPENEWS.KZ: 5 ақпанда Қытай уақытымен сағат 22:00-де (Астана уақытымен 19:00) Hunan TV телеарнасында Voice Beyond Horizon халықаралық жобасының ресми тұсаукесері өтті. Қазақстанда бағдарлама 14 ақпанда Qazaqstan ұлттық телеарнасынан көрсетіледі.
Жоба әлемге танымал отандық әнші Димаш Құдайбергеннің бастамасымен Hunan Broadcasting System компаниясымен бірлесе жүзеге асырылды. Түсірілім жұмыстары толықтай Қазақстанның туристік нысандарында жүргізіліп, алты өңірді қамтыды: Түркістан, Маңғыстау, Алматы және Ақмола облыстары, сондай-ақ Астана мен Алматы қалалары.
Жобаға Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Италия, Малайзия және Сербиядан келген талантты орындаушылар қатысты.
Voice Beyond Horizon жобасы Қазақстанның табиғи байлығы мен туристік әлеуетін миллиардтаған көрерменге таныстырады. Көрермендер көне Түркістанды, Бозжыраның айбынды көріністерін, Каспий теңізінің жағалауын, Қайыңды мен Көбейтұз көлдерін, Саты туристік ауылын, Қапшағай су қоймасын, сондай-ақ Щучинск–Бурабай курортты аймағын тамашалай алады.
«Kazakh Tourism ҰК АҚ халықаралық медиа-жобалар арқылы Қазақстанның туристік әлеуетін жүйелі түрде дамытып келеді. Біз Euronews Travel, Amazon Prime Video сияқты жетекші әлемдік платформалармен және телеарналармен серіктестік орнаттық. Voice Beyond Horizon жобасы Қазақстанның туристік нысандарын миллиардтаған халықаралық аудиторияға таныстырады, осы үшін Димаш Құдайбергенге алғыс білдіреміз», — деді Kazakh Tourism ҰК АҚ Басқарма төрағасы Талғат Ғазизов.
Айта кетейік, Hunan TV телеарнасының аудиториясы 1,9 миллиардтан асады. Жоба Mango TV цифрлық платформасында да көрсетіледі.
Voice Beyond Horizon халықаралық жобасына Kazakh Tourism ҰК АҚ, Туризм және спорт министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Астана мен Алматы қалаларының, сондай-ақ Алматы, Ақмола, Түркістан және Маңғыстау облыстарының әкімдіктері қолдау көрсетті. Жобаның демеушілері — Qarmet, «Қазақмыс», «АлтынАлмас» компаниялары және Нұрлан Смағұлов қоры.

