Әнші әрі продюсер Қыдырәлі Болманов «Ұлытау» тобының ешқандай мемлекеттік марапат алмағанына қынжылыс білдірді.
«Идеология, стратегия, нәтиже! Осы үш бағыт арқылы домбыраны ешкім істей алмаған ұлттық насихат құралына айналдыра білген — «Ұлытау» тобы! Жеті жыл бұрын — Домбыра күні, үш жыл бұрын — Ұлытау облысының құрылуына да олардың септігі тиген. Әлемге атойлап, нағыз қаһармандық көрсеткен — Ұлытау! «Адай» күйін Құрманғазыдан, симфонияны Моцарттан алып, екеуін қатар қоя білген Ұлытау тобының не еңбегі сіңген жоқ, не бір жапырақ қағаз алған жоқ», — деп ашуланды өнерпаз.
Ол «Ұлытау» тобының мүшелері Ингушетияның халық әртісі атағын 15 жыл бұрын алып қойғанын еске салды.
«Неге Қазақстан емес? Әлде Әлішер Кәрімовтен рухы әлсіз бе?! Әлемдік екі Гран-приді Құрманғазының күйімен жеңіп алған қазақ тарихындағы жалғыз, алғашқы этно-рок топ!
Өзіңіз ойлаңызшы, қазақ елінен бір жапырақ «грамота» да алмаған… Не үміт, не қайыр… Не оны жоқтаған бір қазақ көрмедім. Кімді Ұлытау тобының қатарына қоя аласың? Қалай өсеміз, қазақ елі? Халыққа қатысы жоқ атақты кім белгілейді? Аты-жөні кім және не тындырды ол адамдар? Маған былтыр берген «еңбек сіңірген» деген атақты Ұлытау тобына берген дұрыс болар еді. Егер жеткізе алмай жатсаңдар…», — деп жазды Қыдырәлі Болманов.
