Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова өз туысы Бекзат Кемелованы 1 миллион доллар ұрлады деп айыптап, сотқа берді.
Жәбірленуші Альмира Нұрлыбекованың айтуынша, ол туысы мен оның жұбайына 1 миллион долларды сақтау үшін беріп, кейін қайтарып ала алмай қалған.
«Айыпталушы Бекзат Кемелова Альмира Нұрлыбекованың 990 мың доллар ақшасы барын біліп, ұлы Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық іске байланысты күйзелісте жүргенін пайдаланған. Ол Антикор қызметкерлері мүлкін және қаражатын тәркілейді деген желеумен Альмира Нұрлыбекованы ақшаны өзіне беріп, жасырған дұрыс деп сендірген», — деді мемлекеттік айыптаушы Гүлмира Абдрахманова.
Айта кетейік, Кемелованың адвокаты Игорь Вранчев. Ол 2024 жылы Қуандық Бишімбаев ісінде Нүкеновтер отбасын қорғаған болатын.
Игорь Вранчевтің айтуынша, Бишімбаевтың анасы Кемелованы отбасылық жанжалға байланысты сотқа сүйреп отыр.
«Менің қорғауымдағы Кемелова жағдайды пайдаланып, ақшаны сақтау үшін алып қойды деген сөз шындыққа жанаспайды. Біз мұны сотта дәлелдейміз. Бәрі екі отбасы арасындағы жанжалдан шығып отыр. Менің қорғауымдағы адамның жұбайы, бұрынғы сот-медициналық сарапшы, Бишімбаевтар отбасына көмек көрсетуден бас тартқан. Яғни, Салтанат Нүкенова ісінде Қуандықтың қылмыстық жауапкершіліктен құтылуы үшін белгілі бір келісімдер жасауға көмектесуден бас тартқан», — деді адвокат.
Жәбірленуші тараптың мүддесін Ерлан Газымжанов қорғайды. Ол бұған дейін Қуандық Бишімбаевтың қорғаушысы болған.
Айта кетейік, бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев жұбайы Салтанат Нүкенованы аяусыз өлтіргені үшін 24 жылға сотталған еді.
Өткен жылы 26 маусымда апелляциялық алқа үкімді өзгеріссіз қалдырды. Шілде айында Қуандық Бишімбаев тергеу изоляторынан түрмеге ауыстырылып, қазір сонда жазасын өтеп жатыр.

