Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші, композитор Құрмаш Махан «Qazaqstan» телеарнасындағы «Бәрекелді» бағдарламасына берген сұхбатында сүйген қызына қоса алмағанын айтты.
«Сол қыздың көңілін табу үшін тек ән арнамай, тауды да қопардым. Мен ән де жазамын, сахнаны да бағындырамын, басқа да нәрселерді істей аламын дегенді көрсетуге тырыстым», — дейді әнші.
Оның айтуынша, бір қызға тоғыз ән арнаған.
«Әрине, бәрін бірдей мен шығардым демеймін. Мысалы, «Армандаймын адам боп жаралғасын» әнінің композиторы – Бағлан Омаров. Сөзін ақын Әмзе Қалмырзаұлы жазған. «Жан сырымның» авторы — Жолбарыс Сейфуллин. Мен үйленіп, ол тұрмысқа шыққаннан кейін біз араласқан жоқпыз. Оның керегі де жоқ болды. Мен үшін ол – естелік», — дейді композитор.
Еске сала кетейік, бұған дейін пародист Нұржан Тұтов әйелі Гүлшат Тұтовамен танысқан кездегі қызықты оқиғаны айтып берген болатын.
«Неге екенін білмеймін, бала кезімнен бір қырыммен, көзімнің қиығымен қарайтын едім. Бір күні киноға бардық. Екеуміз кино көріп отырмыз. Мен бір қырыммен қарап отырсам керек. Бұл маған қарап отыр деп ойлапты. Сөйтіп кино біткенше өзінше майысып отырған ғой», — деп күлдірді Нұржан Тұтов.