STEPPENEWS.KZ: Ақерке Амалят Беларусь Республикасының Витебск қаласында өткен «Арт-парад в Витебске» VII халықаралық фестиваль-байқауында Қазақстан атынан қатысқан өнерпаз үздік нәтиже көрсетті. Ауқымды мәдени шараға әлемнің 12 елінен 1 200-ден астам орындаушы қатысып, өзара бақ сынады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі таратты.
Халықаралық байқауда Қазақстанның намысын Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Эстрадалық вокал» мамандығы бойынша 4-курс студенті Ақерке Амалят қорғады. Ол қазақтың халық әнін жоғары деңгейде орындап, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Нәтижесінде Ақерке 129 ұпай жинап, «Вокал» номинациясы бойынша Гран-при жүлдесін жеңіп алды.
Фестиваль-байқау Ұлыбритания, Германия, Италия, Қытай, Грузия, Қырғызстан және өзге де елдердің өнерпаздарын бір сахнада тоғыстырған халықаралық мәдени алаңға айналды. Қатысушылардың орындаушылық шеберлігі мен сахналық мәдениеті кәсіби қазылар тарапынан жан-жақты бағаланды.
Айта кетейік, Ақерке Амалят бұған дейін де халықаралық және республикалық деңгейдегі көптеген байқауларда жеңімпаз және лауреат атанып, қазақ өнерін шетел сахнасында танытып жүрген дарынды жас өнерпаздардың бірі.
Жас таланттың бұл жеңісі Қазақстанның мәдени әлеуетін халықаралық деңгейде тағы бір мәрте дәлелдеді.

