Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Құлсары қаласында 7 жасар қыз баланы зорлап, артынша суға тұншықтырып өлтірген ер адамға үкім шығарды.
Сотталушы Қазақстан Қылмыстық кодексінің 120-бабының 4-бөлігі (зорлау, күш қолдану және жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдалану) және 99-бабының 3-бөлігі (кәмелетке толмағанды қасақана өлтіру) бойынша айыпталған.
«2025 жылдың маусым айында Құлсары қаласында 7 жасар қыз бала серуендеп болған соң үйіне қайтып келе жатып, жолынан адасып, сотталушымен кездескен. Мас күйдегі ер адам қызға үйіне апарып салуды ұсынып, оны алдап өзімен бірге ертіп кеткен. Кейін өзен жағасына алып барып, дәрменсіз күйін пайдаланып, зорлаған. Қылмысын жасыру мақсатында ол баланы ұрып-соғып, суға батырып өлтірген», – деп мәлімдеді ҚР Жоғарғы сотының баспасөз қызметі.
Сот барысында айыпталушының кінәсі куәгерлердің айғақтары, оқиға орнын қарау хаттамасы, бейнежазбалар мен сараптама қорытындылары арқылы толық дәлелденді.
Нәтижесінде сот оны кінәлі деп танып, өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.