Жітіқара аудандық соты мал жайып жүріп иен далада жатқан киік өлекселерінен 66 мүйіз кесіп алған ер адам 3 жыл екі айға шартты түрде сотталды.
Соттың баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сай, оған аса ірі мөлшерде киік мүйізін сақтады және өзі тұтыну үшін жабайы қарасора сақтады деген айып тағылған.
«Сот анықтағандай, ол 2019 жылдан бастап 2025 жылдың маусымына дейін малын Қамысты ауданының Дружба ауылы маңындағы жайылымдарда баға жүріп, киік өлекселерін тауып алып жүрген. Уәкілетті органдардан рұқсат алмаған ол олардың мүйіздерін кесіп алып, үйіне апарып отырған. Соның ішінде, 66 дана мүйізді қорасына тығып қойған. Кейін ол мүйіздерден кәдесый жасауға пайдаланбақ болған», — деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.
Қамысты ауданының полиция оның үйін тінте отырып, 70 дана мүйіз және жабайы қарасора тапқан екен. Мүйіздерді заңсыз сақтаудан мемлекетке 103 млн теңге залал келді деген қорытынды бар.
Прокурор күдіктіні 4 жылға шартты түрде соттауды сұраған. Ауыл адамы кінәсін мойындап, үш жас баласы бар екенін айтып, жеңіл жаза сұраған.
«Сот сотталушының жеке басын, істелген қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, істің мән-жайларын ескере отырып оны қылмыстық жауапкершіліктен босатқан. Бірақ, 3 жыл 2 ай 12 күн мерзімге шартты жаза кескен», — деп хабарлайды Қостанай соттарының баспасөз қызметі.

 
