Қостанай облысында Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы такси қызметінің атын жамылып, жезөкшелікпен айналысқан қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты.
Тергеу барысында қыздардың қаладағы бірнеше саунада интимдік қызмет көрсеткені анықталды. Бұл тізімде 12 сауна бар. Полиция сауналардың әкімшілері мен ақылы интимдік қызмет көрсеткен тұлғаларды анықтады.
«Қылмыстық топ ауыл-аймақтардан шыққан, әлеуметтік тұрғыдан осал және тұрмысы төмен отбасылардан шыққан жас қыздарды алдап, қорқыту және күш қолдану арқылы жезөкшелікке тартқан. Оларды жалдамалы пәтерлер мен гараждарда ұстап отырған», — деп жазылған облыстық полиция департаменті таратқан хабарламада.
Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің бес бабы бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Бірқатар күдікті ұсталып, басқа қатысушыларға қатысты процессуалдық мәжбүрлеу шаралары қолданылды.
Тінту барысында көп мөлшерде қолма-қол ақша, құжаттар, техника, банктік карталар және қылмыстық қызметте пайдаланылған деп болжанған тоғыз автокөлік тәркіленді.
«Сонымен қатар қылмыстық жолмен алынған қаражаттың бір бөлігі жалған банктік шот арқылы заңдастырылғаны анықталды. Бұл қаражат көлік, тіркеме және гараждар сатып алуға жұмсалған», — дейді полицейлер.
Аталған факті бойынша «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру» бабымен бөлек іс қозғалды. Тергеу жалғасып жатыр.

