STEPPENEWS.KZ: Қазақстанның Қорғаныс министрлігі биыл Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне орай дәстүрлі әскери парадтың өткізілмейтінін ресми түрде мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, мерекелік күндер парадтың орнына бірқатар әскери-патриоттық және мәдени іс-шаралармен аталып өтеді.
Мереке аясында оқу орындарында ерлік сабақтары ұйымдастырылып, үздік әскери қызметкерлерді марапаттау рәсімдері өткізіледі. Сондай-ақ басты назар соғыс және тыл ардагерлеріне құрмет көрсетуге аударылмақ. Мерекелік бағдарламаға экологиялық акциялар, әскери оркестрлердің шеруі мен шығармашылық ұжымдардың концерттері енгізілген.
Тұрғындар үшін әскери техника мен қару-жарақ көрмелері ұйымдастырылып, дәстүрлі «Солдат ботқасы» акциясы мен әскери бөлімдерде ашық есік күндері өткізіледі. Осылайша, биылғы айтулы даталар ауқымды әскери шерусіз, бірақ мазмұнды әрі танымдық шаралар форматында тойланбақ.

