Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов пен «Отбасы банк» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова әскери қызметшілерді баспанамен қамту және «Әскери баспана» ипотекалық бағдарламасын жандандыру мәселелерін талқылады.
Кездесуде талқыланған негізгі мәселе «Әскери баспана» бағдарламасын қайта іске қосу туралы болған.
Қорғаныс министрі бастапқы жарна мен несие бойынша пайыздық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
«Әскери қызметшілер үшін жеңілдетілген ипотекалық несиелерге нақты қол жеткізу маңызды. Қазір ондай мүмкіндік жоқ, ал тұрғын үй бағасы өскен сайын бастапқы жарнаны жинау іс жүзінде мүмкін емес, – дейді Дәурен Қосанов.
Оның айтуынша, 15 мыңнан астам отбасы тұрғын үй төлемдері жүйесі мен ипотекалық бағдарламалар, соның ішінде «Әскери баспана» арқылы тұрғын үй жағдайын жақсартқан.
Сондай-ақ, министр бұрынғыдай екінші деңгейлі нарықтан баспана сатып алу мүмкіндігін қайтаруды ұсынды. Себебі көптеген әскери жөндеуден өткен, инфрақұрылымы дамыған, қызмет орнына жақын орналасқан пәтерлерді қалайды.
Бұған қоса министр «Баспана.кз» сайтында жарияланған жаңа талаптарға да назар аударды. Оның айтуынша, олар әскери қызметшілер үшін жалдамалы тұрғын үй рәсімдеген кезде қосымша қиындықтар туғызады.