STEPPENEWS.KZ: Жаңа жыл қарсаңында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қытайдың Орталық телерадио корпорациясы және интернет арқылы 2026 жылға арналған дәстүрлі Жаңа жыл құттықтауын жолдады. Төменде сол сөздің толық мәтіні беріліп отыр:
Құрметті достар!
Жылдар ауысып, уақыт жаңа парақтарын ашуда. Жаңа жыл табалдырығында тұрып, Бейжіңнен баршаңызға шын жүректен ізгі тілегімді жолдаймын!
2025 жыл – «14-бесжылдық» жоспарының аяқталған кезеңі. Соңғы бес жылда біз жігерлене алға басып, талай қиындық пен сынақты еңсердік. Жоспарлы міндеттерді табысты орындап, Қытайдың жаңғыру жолында сенімді қадам жасадық. Ел экономикасының жалпы көлемі жыл сайын жаңа межелерді бағындырып, биыл шамамен 140 триллион юаньға жетеді деп күтілуде. Экономикалық қуатымыз, ғылым мен технология әлеуеті, қорғаныс және жалпы ұлттық қарымымыз жаңа деңгейге көтерілді. Табиғатымыз – жасыл желек, мөлдір су – дамуымыздың ажырамас белгісіне айналды, халықтың өмірге қанағаттануы, бақыт пен қауіпсіздік сезімі үздіксіз артып келеді. Бұл бес жыл оңай болған жоқ, жеткен жетістіктер де оңайлықпен келген емес. Елді гүлдендіру жолында аянбай еңбек еткен әр адамға бас иіп алғыс айтамын!
Бұл жыл біздің халқымыздың Жапон агрессиясына қарсы соғыстағы Жеңісінің және Екінші дүниежүзілік соғыстағы фашизмді жеңудегі рөліне 80 жыл толуын айрықша атап өтуімен есте қалды. Сонымен қатар Тайваньды азат ету күнін белгіледік. Мемлекеттік деңгейдегі бұл мерейтойлық шаралар тарих бетіне мәңгілік жазылар даңқты жеңісті дәріптеп, өткенді ұмытпай, батырларды еске алып, бейбіт өмірді қадірлеуге және болашақты бірге құруға үндеді. Бұл елдік рухты күшейтіп, Ұлы қытай ұлтының жаңғыруына қуатты серпін берді.
Біз жаңашылдыққа сүйене отырып, сапалы даму бағытын бекем ұстандық. Ғылым мен өндіріс терең ықпалдасып, инновациялық жетістіктер бірінен соң бірі пайда болды. Ірі жасанды интеллект модельдері тез дамып, отандық чип өндірісінде жаңа серпілістерге қол жеткіздік. Ел инновациялық әлеуеті ең жылдам өсіп келе жатқан экономикалардың біріне айналды. «Тяньвэнь-2» ғарыш аппараты жұлдызды сапарын бастады, Ялунцзанбу өзенінде гидроэнергетика құрылысы қолға алынды, электромагниттік катапультпен жабдықталған алғашқы әуе тасығыш флотқа қосылды. Адамтектес роботтар «кунфу режимін» көрсетті, дрондар әсем «жарық шоуларын» жасады. Инновациялық өрлеу жаңа өндіргіш күштерді қалыптастырып, қоғам өмірін әлдеқайда қызықты әрі алуан қылды.
Біз мәдениет арқылы рухани тірегімізді бекіттік. Музейлерге, мәдени мұраға деген қызығушылық артып, ЮНЕСКО тізімі жаңа нысандармен толысты. Укун мен Нэчжа бүкіл әлемнің назарын аударды, ұлттық стильдегі ежелгі эстетика жастар арасындағы ең танымал үрдістердің бірі болды. Мәдениет пен туризм саласының қарқыны күшейді, қалалық және ауылдық футбол лигалары жанданды, қысқы спорт түрлері суық күндердің шырайын ашты. Дәстүр мен модерн үндесіп, Қытай мәдениеті бұрынғыдан да жарқырай түсті.
Біз жақсы өмірді біріге жасап, бірге бөлісеміз. Мен Тибет пен Синьцзянға барып, халықпен жүздестім. Қарлы қыраттардан Тяньшаньның екі қапталына дейін бүкіл этностар гранат дәніндей ұйысып, бірліктің үлгісін көрсетті. Ақ хадак, жалынды ән мен би – Отанға деген махаббат пен шаттықтың белгісі болды. Халық тұрмысы – ұсақ-түйек емес, әр бөлшегі жүрекке жақын. Жыл ішінде жаңа еңбек форматындағы жұмысшылардың құқықтық қорғанысы күшейді, қарттардың өміріне ыңғайлы жағдай жасалды, баласы бар отбасыларға ай сайын 300 юань қосымша жәрдемақы берілді. Әр «шағын үйдің» тіршілігі көркейсе – «үлкен үй» Қытай да гүлденеді.
Біз ашық саясатпен әлемге құшағымызды жая береміз. Тяньцзинде ШЫҰ саммиті және Ғаламдық әйелдер саммиті табысты өтті. Хайнань еркін сауда порты толыққанды кедендік режимге өтті. Климаттың өзгеруіне жауап ретінде жаңа ұлттық міндеттемелер жарияланды. «Үш жаһандық бастамадан» кейін мен жаһандық басқару жөніндегі бастаманы ұсындым – әділетті әрі ақылға сай әлемдік басқару жүйесін құруға үлес қосу үшін. Әлем құбылып, кей өңірлерде соғыс жалғасуда. Қытай әрдайым тарихи әділеттілікті жақтап, бүкіл елдермен бірге бейбітшілік пен дамуды қолдауға, адамзаттың ортақ тағдыры қауымдастығын қалыптастыруға әзір.
Жақында Бүкілқытайлық ойындардың ашылуына қатыстым – Гуандун, Гонконг және Макаоның бірлігі қуантады. «Бір ел – екі жүйе» қағидатын бұлжытпай жүзеге асырып, Гонконг пен Макаоның даму үрдісіне терең кірігуін қолдап, олардың тұрақты гүлденуін қамтамасыз етуіміз қажет. Тайвань бұғазының екі жағындағы қандастар бір тамырдан. Отанды қайта біріктіру – тарихи заңдылық әрі тоқтаусыз жүретін үрдіс!
Күшті партия – мықты мемлекеттің тірегі. Біз партияны қатал тәртіппен басқару, сегіз тармақшаны қатаң сақтау бойынша оқыту мен тәрбиені терең жалғастырдық, сенімді нығайтып, жемқорлықпен күресті күшейттік, партия мен меморгандардың жұмыс стилін жақсарттық. Бастапқы мұрат пен миссияны берік ұстап, аянбай еңбек ету, Яньань рухының сұрақтарына уақытқа сай жауап беру – парызымыз.
2026 жыл «15-бесжылдық» жоспарды жүзеге асырудың бастау жылы болмақ. Бастамасы нық болған іс – соңына дейін жетеді. Мақсатқа ұмтылған жан алдан жоспар құрады. Біз алға қойған міндеттерге сенімді болып, мүмкіндікті тиімді пайдаланып, сапалы дамуды жүйелі ілгерілетіп, реформалар мен ашық саясатты тереңдетіп, халық игілігін арттырып, Қытай кереметінің жаңа тарауын жазамыз.
Арман жолы алыс көрінсе де, биік таулар мен теңіздер бөгет бола алмайды. Біз алға нық қадам басып келеміз. Құстай қалықтап, мыңдаған тұлпардай екпін алып, үміттің отын өшірмей, арман жолында бірге еңбек етіп, ұлы мақсаттарды асқақ шындыққа айналдырайық.
Жаңа жылдың таңы атқалы тұр.
Отаныма – биіктік, сәулелі күн, өзен-көлдерімізбен құнарлы жерімізге сәуделі күннің нұры әрдайым төгіліп тұрсын.
Баршаңызға – шат көңіл, еңбекте табыс, арман тілектеріңіз орындалсын!
Жаңа жыл құтты болсын!

