STEPPENEWS.KZ: Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бірқатар оқу корпустарының шатырларына күн панельдері орнатылды. Атап айтқанда, Экономика және бизнес жоғары мектебі, журналистика, заң, тарих, география, биология, филология және медицина факультеттерінің ғимараттары баламалы энергия көздерімен жабдықталды.
Бұл жоба энергияны үнемдеуге және электр қуатына жұмсалатын шығынды едәуір азайтуға мүмкіндік береді.
Күн электр станциясы келісім аясында Қытай тарапымен бірлесіп, 20 мың шаршы метр аумақта салынды. Жоба толық іске қосылғаннан кейін университеттің электр энергиясына деген қажеттілігінің бір бөлігі баламалы көздер есебінен қамтамасыз етіледі. Бұл студенттер мен қызметкерлерге тұрақты әрі экологиялық таза энергияны пайдалануға жол ашып, оқу орнының инновациялық имиджін нығайта түседі.
Алдағы уақытта жоспарға сәйкес ҚазҰУ қалашығындағы барлық факультеттер мен жатақханаларды күн панельдерімен жабдықтау көзделіп отыр. Сонымен қатар қалашықтағы оқу корпустарының, әкімшілік ғимараттардың, студенттер үйлері мен ғылыми орталықтардың шатырлары кезең-кезеңімен толық жаңғыртылады.
Жаңарту жұмыстары аясында шатырлардың ескі жабындары алынып, беті тегістелді. Одан кейін қара қағаз төселіп, заманауи суағар жүйелері орнатылды. Бұл шаралар нысандардың ұзақ мерзімді әрі қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз етуге бағытталған.

