3 қараша күні Қазақстанның 14 облысы мен екі облыс орталығында ауа райы күрт нашарлайды.
Көптеген өңірде жел күшейеді
Қазгидромет дерегінше, республиканың басым бөлігінде жел күшейіп, қар, жаңбыр және көктайғақ болады.
Тек елдің оңтүстік-шығысы мен батысында ғана күн жауын-шашынсыз өтеді.
Алматы облысында оңтүстік-шығыстан соққан жел күндіз солтүстік-батысқа ауысып, екпіні 15–20 м/с жетеді. Таулы аймақтарда тұман, Талдықорғанда түнде –1…–3°С дейін аяз күтіледі.
Атырау облысында түнде және таңертең тұман түседі. Ақмола облысында боран мен көктайғақ күтіледі. Көкшетауда желдің екпіні 20 м/с дейін күшейеді.
Павлодар облысында жаңбыр мен қар аралас, көктайғақ болады. Түркістан облысында күндіз желдің екпіні 20 м/с дейін күшейіп, өңірдің оңтүстігі мен батысында өрт қаупі өте жоғары деңгейде сақталады. Абай облысында кей жерлерде желдің күші 23–28 м/с дейін жетеді.
Шығыс Қазақстан облысында көктайғақ пен тұман, сондай-ақ 25 м/с дейін жел соғады. Жамбыл облысында түнде және таңертең тұман, желдің екпіні 25 м/с дейін жетеді. Ұлытау, Қарағанды және Қостанай облыстарында боран мен көктайғақ күтіледі.
Жетісу облысында кей жерлерде тұман мен аяз, жел 28 м/с дейін күшейеді. Қызылорда облысында желдің жылдамдығы 20 м/с дейін жетеді, өңірде жоғары өрт қаупі сақталады. Солтүстік Қазақстан облысында боран мен көктайғақ, ал Петропавлда ауа температурасы түнде –12°С дейін төмендейді. Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында түнде және таңертең тұман күтіледі.
Құтқарушылар ескерту жасады
Төтенше жағдайлар қызметі мен синоптиктер жолда абай болуға, көліктер арасындағы арақашықтықты сақтауға және қатты жел кезінде ғимараттар мен ағаштардың астында тұрмауға кеңес береді.

