STEPPENEWS.KZ: ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ұлыбританияда өтіп жатқан Bett UK 2026 халықаралық көрмесіне қатысып, жетекші университеттер, ғылыми орталықтар мен әлемдік технологиялық компаниялардың өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізуде.
Іс-шараның алғашқы күніндегі басты оқиғалардың бірі министрдің Bett UK 2026 – Leading EdTech көрмесіне қатысуы болды. Бұл – білім беру технологиялары саласындағы ең ірі халықаралық алаңдардың бірі. Көрме жыл сайын мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының, технологиялық компаниялар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдерін біріктіріп, білімнің болашағы, оқу үдерісінің цифрлық трансформациясы, жасанды интеллектіні енгізу және инновациялық шешімдерді қолдану мәселелерін талқылауға мүмкіндік береді.

21 қаңтарда Лондонда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйымдастыруымен Қазақстанның ұлттық павильонының салтанатты ашылуы өтті. Павильон жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесін дамытудың басым бағыттарын таныстыруға арналған алаңға айналды. Онда білім беру үдерістерін цифрландыру, жасанды интеллектке негізделген шешімдерді енгізу, ғылыми зерттеулерді дамыту және халықаралық академиялық ынтымақтастықты кеңейту бағыттары ұсынылды.
Ұлттық павильон жұмысына Қазақстанның 9 жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы қатысып, өздерінің академиялық бағдарламаларын, ғылыми-зерттеу жобаларын, сондай-ақ шетелдік серіктестермен бірлескен білім беру және ғылыми бастамаларды іске асыру мүмкіндіктерін таныстырды. Экспозиция отандық университеттердің жоғары даму деңгейін, ғылыми-білім беру әлеуетін және халықаралық қауымдастықпен белсенді ынтымақтастыққа дайын екенін көрсетті.
Көрме аясында пленарлық отырыстар, тақырыптық пікірталастар, жетекші EdTech әзірлемелерінің таныстырылымдары, сондай-ақ мемлекеттік органдар, университеттер мен жаһандық технологиялық компаниялар өкілдерінің қатысуымен іскерлік кездесулер өтіп жатыр. Қазақстан делегациясының Bett UK 2026 көрмесіне қатысуы еліміздің цифрлық білімді дамыту, жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізу және инновациялық білім беру шешімдерін ілгерілетуге бағытталған стратегиялық ұстанымын айқындайды. Бұл өз кезегінде халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, қазақстандық университеттердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және Қазақстанды білім беру мен цифрлық технологиялар саласында өңірлік көшбасшы ретінде қалыптастыруға ықпал етеді.

