Қазақстанның басым бөлігінде 26 қазан күні ауа райы өзгеріп, жел күшейіп, тұман түсіп, өрт қаупі артады. Бұл туралы «Қазгидромет» мәлімдеді.
Синоптиктердің мәліметінше, Маңғыстау облысында түнде және таңертең тұман болжанады. Өңірде жоғары өрт қаупі сақталады. Ақтауда да дәл осындай жағдай болады. Ақмола облысының батысы, солтүстігі мен шығысында тұман түседі. Облыстың оңтүстік-батысында өрт қаупі жоғары.
Жамбыл облысында күндіз найзағай ойнап, желдің екпіні 20 м/с-қа дейін жетеді. Түнде және таңертең таулы аудандарда тұман түседі. Өңірдің батысы мен солтүстігінде өрт қаупі өте жоғары, орталығы мен оңтүстігінде — жоғары деңгейде сақталады. Тараз қаласында да өрт қаупі күшейіп тұр.
Абай облысының оңтүстігі мен орталығында жел солтүстік бағытқа ауысып, 20 м/с-қа дейін күшейеді. Өңірдің оңтүстігінде өрт қаупі жоғары. Ақтөбе облысында да өрт қаупі өте жоғары деңгейде сақталады.
Жетісу облысында Алакөл маңында желдің екпіні 20 м/с-қа жетеді. Шығыс Қазақстан облысында да жел күшейеді. Атырау өңірінің оңтүстігі мен шығысында өрт қаупі өте жоғары, ал солтүстік-шығысы мен оңтүстік-шығысында орташа жоғары болады. Облыс орталығында да жағдай дәл осындай.
Түркістан облысы мен Шымкент қаласында өрт қаупі өте жоғары деңгейде болмақ. Ұлытау облысының солтүстігі мен шығысында түнде көктайғақ күтіледі. Өңірдің басым бөлігінде өрт қаупі жоғары, оңтүстігінде өте жоғары деңгейде сақталады.
Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарының көптеген ауданында түнде және таңертең тұман болжанған. Бұл өңірлердің кей аймақтарында өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады.
Төтенше жағдайлар қызметі ауа райының қолайсыздығына байланысты тұрғындарға жолда сақ болуды, дала мен орман алқаптарында ашық от жақпауды және қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды сұрайды.
