АҚШ-тың Техас штаты Чемберс округінде екі ер адам есірткі тасымалдады деген күдікпен ұсталды. Алдын ала мәлімет бойынша, олар Қазақстаннан АҚШ-қа келген екі жігіт. Бұл туралы Azattyq Rýhy Чемберс округі шерифі кеңсесіне сілтеме жасап хабарлайды.
Полицияның мәліметінше, 2025 жылдың 27 қыркүйегінде арнайы тергеу бөлімшесі Есірткімен күрес басқармасымен бірге I-10 автомагистралінде көліктерді тоқтатып, тексерген. Сол кезде көліктердің біріне ит үріп, полиция 35 келі кокаин тапты.
Күдіктілердің аты-жөні – Нұрсұлтан Мұқтарәли (Нью-Йорк) және Мұхит Дәнібеков (Пенсильвания). Екеуіне де есірткіні аса ірі мөлшерде сақтау айыбы тағылған. Бұл бірінші дәрежелі ауыр қылмыс саналады. Ер адамдар Чемберс округінің түрмесіне қамалған.
Мұхит Дәнібековтің ағасы Жомарт Дәнібеков інісінің Америкаға нәпақа табуға барғанын және олар тек алыс сапарларға жүк таситынын ғана айтқан. Яғни, күдіктілер жүк көлігіндегі есірткі туралы білмеген, дейді туыстары.
Қазір оларды сотқа дейін босату үшін 200 мың доллар көлемінде кепіл қою қажет. Жомарт Дәнібеков халықтан көмек сұраған. Оның айтуынша, інісі Мұхиттің үш баласы бар, әйелі науқас. Ол адал еңбек етуге келген.
Редакция осы мәселеге қатысты Сыртқы істер министрлігіне сұрау жолдады.