Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов биыл жиналған картоп қоры ішкі нарықты қамтамасыз етуге жете ме деген сұраққа жауап берді.
Оның айтуынша, биыл алқаптардан шамамен 3 миллион тонна картоп жиналған. Бұл көлем ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге және өнімнің бір бөлігін экспортқа шығаруға жетеді.
«Ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін медициналық тұтыну нормасына сәйкес шамамен 2 миллион тонна картоп қажет. Биыл ұйымдасқан шаруашылықтар былтырғымен салыстырғанда көбірек өнім жинады, сондықтан биылғы өнім артығымен жетеді», – деді Сұлтанов Мәжіліс кулуарында.
Осы орайда журналистер өнім толығымен жетіп тұрса, Қазақстан неге картопты әлі де сырттан импорттайтынын сұрады.
Вице-министрдің айтуынша, импорт тек маусымаралық кезеңде сақталады.
«Біз картопты жыл бойы импорттамаймыз, көктемде ғана. Өйткені кейбір өндірушілерде ұзақ сақтауға арналған қойма немесе тоңазытқыш жабдық жоқ. Тоңазытқышсыз картоп сапасын жоғалтып, нарыққа қажетті көлемде шыға алмай қалады», – дейді ол.
Сұлтанов мемлекет бұл мәселені шешу үшін бірқатар шаралар қабылдап жатқанын атап өтті.
«Біз заманауи сақтау қоймаларының құрылысын ынталандырып жатырмыз, бұл импортқа тәуелділікті толығымен жоюға және ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде статистика картоп импорты жыл сайын азайып келе жатқанын көрсетіп отыр», — дейді шенеунік.
