STEPPENEWS.KZ: Желідегі кейбір ақпараттар Қазақстанға әкелінген телефондарды тіркеу кезінде ауқымды ақаулар орын алып жатқаны туралы қауесет таратуда. Алайда жүйе жеткізушісі ATS Mediafon KZ бұл ақпаратты жоққа шығарып, кейбір құрылғылардың тіркелмеуінің себебін түсіндірді.
Неліктен верификациядан бас тартады?
Жүйе тұрақты жұмыс істейді. Тіркеуден бас тарту тек заңсыз жолмен әкелінген немесе құжатсыз смартфондарға қатысты. Заңды жолмен әкелінген құрылғылар еш кедергісіз тіркеледі, ал құрылғының шығу елі маңызды емес.
Верификация тегін бе?
Құрылғыны тіркеу жеке азаматтарға толықтай тегін. Құрылғыны әкелген компания ғана белгілі бір төлемді төлейді, бірақ бұл төлем оның тіркелуін автоматты түрде қамтамасыз етпейді — құрылғының заңды жолмен әкелінгенін растайтын құжаттар қажет.
Ескі телефондарға арналған хабарламалар
2025 жылғы 25 маусымға дейін сатып алынған телефондарда SIM картаны ауыстырғанда немесе eSIM қосқанда хабарламалар пайда болуы мүмкін. Бұл құрылғының тіркелмегенін білдірмейді. Жүйе жай ғана екінші IMEI нөмірін бұрын расталған бірінші IMEI-ге тіркеуді сұрайды. Бұл бір құрылғыда қарапайым және тегін процедура болып табылады.
Телефонды дұрыс тексеру
Телефонды бейресми сатушылардан сатып алғанда тәуекел өзіңде болады. ATS Mediafon KZ IMEI кодын сатып алу алдында тексеруді ұсынады:
-
Телефонда *#06# теріп, шыққан кодты қораптағы және баптаулардағы нөмірмен салыстырыңыз.
-
Верификацияны eGov Mobile немесе imei.rfs.gov.kz / kz-imei.kz сайттары арқылы тексеріңіз.
Егер телефон ресми жолмен әкелінген болса — ешқандай кедергі болмайды. Ал егер сайт тіркеуді қабылдамаса — бұл әдетте құрылғы туралы ақпарат базасында жоқ немесе деректерді дұрыс толтырмағандықтан болады.

