SteppeNews.kz: Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қазақстандық талапкерлерге қанша грант бөлінетінін, грант конкурсы қашан басталатынын және бүгінде қандай мамандықтарға басымдық беріліп отырғанын айтты, деп хабарлайды SteppeNews.kz Tengrinews.kz сілтеме беріп.
Министрдің айтуынша, ҰБТ-ға қатысу үшін 239 мыңнан астам адам тіркелген. Тестілеу 10 мамыр мен 10 шілде аралығында өтеді. Биыл тестілеу форматы өзгеріссіз қалады: талапкерлер ҰБТ-ны екі рет тапсырып, грант конкурсына ең жоғары нәтижемен қатыса алады.
Педагогикалық және медициналық бағыттарға түсетін талапкерлер үшін арнайы емтихандар қарастырылған. Ал шығармашылық білім беру бағдарламаларына түсушілер үшін бөлек шығармашылық емтихан ұйымдастырылады.
«Грант конкурсына қатысу үшін өтініш қабылдау 13–20 шілде аралығында өтеді. Жоғары оқу орындарына қабылдау 25 тамызға дейін аяқталады», – деді Саясат Нұрбек.
Министрдің мәліметінше, жоғары білімді кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі өткен жылдар деңгейінде сақталады. 2026/2027 оқу жылына 89 457 мемлекеттік грант бөлінген. Оның ішінде 75 мыңнан астамы – бакалавриатқа, 11 мыңнан астамы – магистратураға, тағы шамамен 3 мыңы – докторантураға арналған.
Министр алдағы жылдары Қазақстанға 883 мыңнан астам маман қажет болатынын айтты. Ең жоғары сұраныс инженерлік кадрларға түседі – шамамен 530 мың маман қажет. Білім беру саласына 185 мыңнан астам маман керек болса, тағы 168 мыңға жуық маман басқа салаларға қажет болады.
Осыған байланысты білім гранттарын бөлу кезінде инженерлік, IT, аграрлық, педагогикалық және жаратылыстану бағыттарына басымдық берілген.
Гранттардың 60 пайызы инженерлік-техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтарына бағытталса, тағы 21 пайызы педагог кадрларды даярлауға бөлінген.
