Қазақстандық оқушылар әлемнің 190 елінен қатысқан командалар арасында өткен FIRST Global Challenge (FGC) 2025 дүниежүзілік робототехника олимпиадасында төртінші мәрте қатарынан жеңіске жетті. Биылғы дода Панама қаласында өтті.
Қазақстан – төрт дүркін әлем чемпионы
Ұлттық құрама GRAND CHALLENGE AWARD (алтын) жүлдесін жеңіп алды. Бұл марапат абсолютті чемпиондарға беріледі. Команда олимпиаданың барлық кезеңінде рекорд орнатты.
Сонымен қатар жас инженерлер ALBERT EINSTEIN AWARD (алтын) – ең беделді төрешілер сыйлығын иеленді. Бұл марапат жоғары техникалық шеберлік, инновациялық шешімдер мен үлгілі командалық жұмыс үшін беріледі.
«Қазақстан – тек табиғи ресурстарға бай ел емес, ол жоғары интеллектуалдық әлеует пен технологиялық дамудың орталығы екенін дәлелдедік», – деді USTEM Foundation жетекшісі Асылбек Мұрзахметов.
Чемпион атанған жаңа буын
Биылғы жеңімпаз құраманың мүшелері – NIS Алматы-Медеу мектебінің 9–10-сынып оқушылары: Рашат Досымжан, Дәулет Ілияс, Орынбасаров Әлихан, Әсетұлы Мадиар, Тұрсынбаев Нұрасыл.
Команданы тәжірибелі тәлімгерлер Дулат Байтуленов, Нұрдәулет Досмағамбет және Асылбек Мұрзахметов дайындаған.
Робот экожүйені қалпына келтіруге арналған
Биылғы олимпиаданың тақырыбы – «Eco-Equilibrium», яғни экологиялық тепе-теңдікті сақтау және биоәртүрлілікті қорғау.
Қазақ жастары экожүйені қалпына келтіруге арналған инновациялық робот жасап, барлық финалдық тапсырманы сәтті орындап, ең жоғары ұпай жинады.
Төрт жыл – төрт жеңіс
Қазақстан құрамасы кейінгі төрт жылда қатарынан жеңімпаз атанып келеді: Женева (2022); Сингапур (2023); Грекия (2024); Панама (2025).
Мұндай нәтиже FIRST Global Challenge тарихында бұрын-соңды ешбір елдің қолынан келмеген. Бұл – Қазақстанның STEM-білім беру саласындағы әлемдік көшбасшылығынайқын көрсететін жетістік.

