Қазақстанның әскери оқу орындарына соңғы жылдары елеулі өзгерістер енгізілді. Армияның заманауи талаптарын ескере отырып, жаңа мамандықтар ашылып, курсанттар енді дәстүрлі дайындықпен қатар ақпараттық қауіпсіздік, криптология, радиоэлектрондық барлау, ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару, логистика және әскери құрылыс салаларында білім ала алады. Полковник Мұрат Олжабаевтың айтуынша, саладағы өзгерістердің арқасында курсанттардың теориялық дайындықпен бірге практикалық қабілеттері де дамиды.
«Бүгінгі әскери білім тек теорияға негізделмей, нақты практикалық машықтарды дамытуға бағытталған. Курсанттарымыз «Айбалта», «Жауынгерлік достастық», «Қаратау» және «Өзара іс-қимыл» сияқты оқу-жаттығуларға қатысып, заманауи армияның талаптарына сай шыңдалады», — деді полковник Мұрат Олжабаев.
Жаңа мамандықтар мен заманауи бағдарламалар Қазақстандағы еліміздің қауіпсіздігін нығайтып, жастардың кәсіби әлеуетін арттыруға үлкен серпін береді.
2025 жылы әскери институттар мен колледждерге 3 899 талапкер құжат тапсырды, нәтижесінде 1 761 адам оқуға қабылданды.
«Қабылдау процесі алғаш рет мемлекеттік қызметтер порталы арқылы цифрлық форматта өтті. Бұл ашықтықты қамтамасыз етіп, делдалдықты жояды. Іріктеу кезеңінде медициналық тексеріс, дене дайындығы және психологиялық тестілеу маңызды рөл атқарады», — деп түсіндірді полковник.
Мұрат Олжабаевтың айтуынша, жаңа бағыттар мен бағдарламалар түлектерге кепілді жұмысқа орналасу, әлеуметтік қолдау және тұрғын үй алу мүмкіндігін береді.
«Біз кадр даярлау жүйесін жетілдіруді, оқыту сапасын арттыруды және әскери мамандықтың беделін көтеруді жалғастырамыз», — деді ол.
Қорғаныс министрлігі бүгінде азаматтық университеттермен де тығыз байланыс орнатқан. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Логистика және көлік академиясы, Қазақ спорт және туризм академиясымен қос дипломды бағдарламалар іске асып жатыр.
«Қос дипломды бағдарламалар курсанттарға кәсіби артықшылық береді және олардың еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттырады», — деп толықтырды полковник.
Сонымен бірге, сержанттарды даярлауда да жаңа мамандықтар басты назарға алынған.
«Мысалы, «Әскери істегі дене мәдениеті және спорт» және «Барлау және десанттық-шабуылдаушы бөлімшелерді басқару» сияқты бағдарламалар жас мамандарды заманауи армияның талаптарына сай дайындайды», — деді ол.
Мерзімді әскери қызметшілерге арналған әлеуметтік қолдау бағдарламасы да белсенді жүргізілуде. 2023 жылдан бастап білім гранттарыъ беру жобасы іске қосылды.
«Екі жыл ішінде 8 100 грант бөлінді, оның ішінде 2025 жылы 2 710 грант қарастырылды. «Таңдау «Sarbaz 2.0» ақпараттық жүйесі арқылы автоматты түрде жүргізіледі, бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмайды», — деп атап өтті полковник.
Бүгінде әскери білім саласындағы халықаралық ынтымақтастық жақсы жолға қойылған. Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстан әскери қызметшілері Қазақстанның оқу орындарында білім алса, 400-ден астам қазақстандық курсант шетелдік әскери жоғары оқу орындарында тәжірибе жинап жүр.

 
