Ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының өкілі Әлихан Әскербай Бахрейннің Манама қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында әлем рекордын жаңартып, алтын медальға ие болды, ҰОК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ол 71 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде топ жарды. Жұлқа көтеруде Әскербай үздік мүмкіндігінде 144 келіні еңсерді.
«Бұл көрсеткіш жасөспірімдер арасында жаңа әлем рекорды болып тіркелді. Әлихан өз рекордын өзі жаңартты. Сонымен қатар ол Азия және жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында рекорд жасады», — деп жазылған хабарламада.
Күміс жүлдені қытайлық Чен Синсин (143 келі) иеленсе, өзбекстандық Хаетбек Ерматов (131 келі) үшінші орынға табан тіреді.
Айта кетері, кейінірек серпе көтеруден сайыс басталады.
Еске сала кетейік, Ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының өкілі Бейбарыс Ерсейіт жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарының екі дүркін жүлдегері атанды. 65 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен зілтемірші серпе көтеруде үшінші нәтиже көрсетті — 152 келі. Бұған дейін Ерсейіт жұлқа көтеруде күміс медаль жеңіп алған болатын.
