Қазақстанның Жазушылар одағы көрнекті қаламгер Мақсат Тәж-Мұраттың дүние салғанын хабарлады.
«Қазақстан Жазушылар одағының Басқармасы көрнекті жазушы, эссеист, әдебиеттанушы-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мақсат Әнесұлы Тәж-Мұраттың дүниеден өтуіне байланысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, әріптестері мен оқырмандарына қайғырып көңіл айтады», — деп жазылған ақпаратта.
Мақсат Тәж-Мұрат 1959 жылы қараша айында Атырау облысының Қосшағыл елді мекенінде дүниеге келген. 1978–1983 жылдары ҚазМУ-дың журналистика факультетінде білім алған.
Еңбек жолын 1983 жылы «Білім және еңбек» журналында әдеби қызметкер ретінде бастаған қаламгер кейін «Социалистік Қазақстан» газетінде тілші, «Горизонт» – «Өркен» газетінде редактордың орынбасары, «Жалын» журналының жауапты хатшысы, сондай-ақ Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитетінің жастар БАҚ секторының меңгерушісі болып қызмет атқарды.
1990–1999 жылдары әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дың филология факультетінде аспирант, аға оқытушы, доцент ретінде еңбек етті. 1994 жылы «Ғұмар Қараштың ақындығы» тақырыбында диссертация қорғап, филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алды.
Кейінгі жылдары Мақсат Әнесұлы еліміздің жетекші басылымдарында басшылық қызметтер атқарды. 2006–2007 жылдары – «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторының орынбасары, 2007–2009 жылдары – «Ана тілі» газетінің бас редакторы, 2009–2013 жылдары – «Астана» журналының бас редакторы болды.
Қаламгердің әдеби мұрасына «Шәңгерей: жасампаздық өмірі», «Батыс Алаш-Орда: биобиблиографиялық сөздік тәжірибесі», «Ғұмар Қараш: өмірі мен шығармашылығы», «Кәбиса жыл: зерттеу, эссе, әдеби толғамдар», «Қаһармандық анатомиясы. Мәншүктің мәлімсіз майданы», «Димаш. Когда жаждут крика» сынды еңбектері енеді. Сондай-ақ ол мерзімді басылымдарда жүзге жуық ғылыми және публицистикалық мақалалар жариялады.
Мақсат Тәж-Мұрат қазақ әдебиетінің дамуына, ұлттық баспасөздің өркендеуіне зор үлес қосқан тұлға ретінде ел жадында қалады.

