STEPPENEWS.KZ: Қазақстан Республикасының Ұлттық статистика бюросы деректеріне сүйенсек, өткен жылы Қазақстанға шамамен 11 мың тонна кесілген гүл импортталған. Оның жалпы құны 77,7 млн долларды құрады. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 17%-ға аз.
Нарықтағы негізгі жеткізуші бұрынғыдай Эквадор болып отыр, алайда оның үлесі біршама қысқарған. Ал Қытайдан келетін гүл көлемі керісінше айтарлықтай артқан.
Елде ең көп сұранысқа ие гүл әлі де раушан болып қала береді. Дегенмен осы гүл түрінің импорты да өткен жылмен салыстырғанда азайған.
Сонымен қатар Қазақстанда отандық гүл өсіру саласы қарқынды дамып келеді. Өткен жылы елде 42,2 миллион дана гүл өсірілген. Олардың басым бөлігі жылыжайларда өсірілген.
Өндіріс көлемі бойынша көш басында Алматы облысы тұр. Бұл өңірде гүл өсіру көрсеткіші едәуір артқан.
Баға динамикасына келсек, гүл бағасы ең жылдам солтүстік аймақтарда өсіп жатыр, ал оңтүстік өңірлерде бағаның өсуі салыстырмалы түрде төмен деңгейде қалып отыр.

