STEPPENEWS.KZ: Қазақстанда «Жасанды интеллект туралы» жаңа заң толық күшіне енді. Заңға қол қойылған сәттен бастап белгіленген 60 күндік мерзім аяқталып, құжат бүгіннен бастап толық көлемде қолданысқа енгізілді.
Аталған заң елімізде жасанды интеллектіні қолданудың құқықтық негізін қалыптастырып, мемлекеттік саясаттың басты қағидаты – адам, оның құқықтары, бостандықтары мен әл-ауқатының басымдығын айқындайды. Жасанды интеллектіні құру және пайдалану кезінде адам, оның өмірі мен ерік-жігері ең жоғарғы құндылық ретінде қарастырылады. ЖИ жүйелері адамның саналы шешім қабылдау қабілетін шектемеуі тиіс.
Заңда әділдік пен теңдік, алгоритмдердің ашықтығы мен түсініктілігі, жауапкершілік пен бақылау, деректер мен құпиялықты қорғау, сондай-ақ жасанды интеллект жүйелерінің қауіпсіздігі мен сенімділігі сияқты негізгі қағидаттар бекітілген. Пайдаланушыларға ЖИ жүйелерінің мүмкіндіктері, сипаттамалары мен шектеулері туралы толық ақпарат берілуі міндеттеледі.
Азаматтар автоматтандырылған деректерді өңдеудің қолданылуы, оның ықтимал салдары, мұндай өңдеуге қарсылық білдіру мүмкіндігі және өз құқықтарын қорғау тетіктері туралы хабардар болуға құқылы.
Құжатта жасанды интеллект жүйелерінің иелері мен пайдаланушыларының жауапкершілігі нақты айқындалған. ЖИ жүйелерінің өмірлік циклінің барлық қатысушылары олардың жұмысын бақылауға, тәуекелдерді басқаруға және жүйе нәтижелері үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауап беруге міндетті.
Сондай-ақ жасанды интеллектіні құру және пайдалану қоршаған ортаға зиян келтірмеуі және энергия тиімділігі талаптарын сақтай отырып жүзеге асырылуы тиіс.
Заңға сәйкес, жасанды интеллект жүйелері тәуекел деңгейіне қарай төмен, орта және жоғары тәуекелді болып жіктеледі. Маңызды салаларда немесе мемлекеттік ақпараттық ресурстарды қалыптастыруда қолданылатын жоғары тәуекелді жүйелер ақпараттық қауіпсіздік талаптары бойынша мемлекеттік жүйелерге теңестіріледі.
Қазақстан аумағында манипулятивті әдістерді қолданатын, адамның осал тұстарын пайдаланатын, әлеуметтік немесе биометриялық кемсітушілікке жол беретін, адамның эмоциясын келісімінсіз анықтайтын, жеке деректер туралы заңнаманы бұзатын, сондай-ақ тыйым салынған контент жасайтын немесе тарататын жасанды интеллект жүйелерін құруға және пайдалануға тыйым салынады.
Сонымен қатар заң жасанды интеллектіні пайдалану арқылы жасалған контенттің ашықтығына талап қояды. ЖИ көмегімен жасалған тауарлар, жұмыстар немесе қызметтер туралы пайдаланушылар хабардар болуы тиіс. Синтетикалық контент міндетті түрде таңбаланып, түсінікті ескертумен белгіленуі қажет.
Жасанды интеллектіні пайдалану арқылы жасалған туындылар адамның шығармашылық үлесі болған жағдайда ғана авторлық құқық объектісі деп танылады. Сондай-ақ мәтіндік сұраулар (промпттар) да авторлық құқықпен қорғалады. Автор немесе құқық иесі тыйым салмаған жағдайда ғана туындыларды ЖИ модельдерін оқыту үшін пайдалануға рұқсат етіледі.
«Жасанды интеллект туралы» заңның күшіне енуі Қазақстанда жауапты, қауіпсіз және адамға бағдарланған жасанды интеллектіні дамытудағы маңызды кезең болып саналады. Бұл құқықтар мен инновациялар арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, заң цифрлық экономиканың орнықты дамуына және азаматтардың құқықтарын қорғауға негіз болады.

