Қазақстанда Ішкі істер министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігі Үндістандағы Сот ғылымдары ұлттық университетінің филиалын ІІМ Басқару академиясы базасында ашу жұмыстарын жүргізуде. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлады.
Оқу орнының базасында үшжақты кездесу өтті. Жиынға ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Ішкі істер министрінің орынбасары Айдар Сайтбеков және Үндістан Ұлттық сот ғылымдары университетінің өкілі Шри Джадежа қатысты.
Кездесу барысында Қазақстанда NFSU филиалын құру мәселелері талқыланды. Оның мақсаты – еліміздің құқық қорғау органдары үшін киберқауіпсіздік, цифрлық криминалистика, сот сараптамасы және қолданбалы қылмыстық тергеу салаларында жоғары білікті мамандар дайындау.
Кездесу қорытындысы бойынша NFSU филиалының ІІМ Академиясы базасында ашылуы және қос дипломдық білім бағдарламаларының іске қосылуы жөнінде келісімге қол қойылды.
Тараптар арасындағы келісімдер аясында кадр даярлау, сондай-ақ бірлескен ғылыми және құқықтық зерттеулерді дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл Қазақстанның Орталық Азиядағы академиялық хаб ретінде дамуына септігін тигізеді.
