Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Ресей, Шығыс Еуропа, Орталық Азия және Моңғолия елдері бойынша TikTok компаниясының мемлекеттік органдармен және корпоративтік байланыстар жөніндегі директоры Сергей Соколовпен кездесті.
Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, кездесуге қатысқан «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Райымбек Баталов бұл желіні пайдаланатын бизнестің табысы қалай өскенін айтты.
TikTok пен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қазақстанда цифрлық платформалардың кәсіпкерлікке тигізетін ықпалын бағалады. Сауалнамаға елдің 20 өңірінен 300-ден астам шағын және микро бизнес өкілдері қатысқан. Баталовтың айтуынша, «Бір өнім – бір ауыл» жобасы аясында кәсіпкерлер TikTok құралдарын пайдаланып, өз өнімдерін онлайн ілгерілету және сатылымды арттыру тәсілдерін үйренген.
«Апта сайын контент жариялайтын әр сегізінші компаниялардың табысының жартысынан астамын дәл осы платформадан табады. Ал жалпы 63% кәсіпорын жылдық табысының кем дегенде 5%-ы TikTok арқылы қалыптасатынын айтты», — деді Райымбек Баталов.
Сергей Соколовтың айтуынша, Қазақстан – аймақтағы ең жылдам дамып келе жатқан нарықтардың бірі.
«TikTok мүмкіндіктерін пайдалану әлеуеті мұнда әлі толық ашылған жоқ. Біз «Атамекенмен» және мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, бизнестің цифрландыру деңгейін жаңа сатыға көтеруге дайынбыз», — деді ол.

