STEPPENEWS.KZ: Қазақстанда телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың жаңа түрлері таралып жатыр. Енді алаяқтар өздерін компания басшысы, мемлекеттік орган қызметкері немесе университет өкілі ретінде таныстырып, адамдарды алдауда.
ІІМ мәліметінше, алдымен адамға жалған нөмірден немесе мессенджердегі қолдан жасалған аккаунттан хабарласады. Олар жеке деректердің таралып кеткенін немесе ақшаға қауіп төніп тұрғанын айтып, жағдайды әдейі ушықтырып, шұғыл әрекет етуді талап етеді.
Одан кейін жақын арада «мамандар» немесе «құқық қорғау органдарының қызметкерлері» хабарласатынын айтып, олардың барлық нұсқауын бұлжытпай орындауды сұрайды.
Соңында жәбірленушіні ақшасын «қауіпсіз шотқа» аударуға көндіреді. Қаражат түскен сәтте алаяқтар байланысын үзіп, ізін суытады.
Алаяқтар сенімді көріну үшін телефон нөмірін ауыстыру, дауысты өзгерту сияқты түрлі айла-тәсілдерді қолданады.

