STEPPENEWS.KZ: Қазақстанда тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектер қосылған құн салығынан (ҚҚС) босатылды.
Бұл шара дәрілік заттардың 3 000-нан астам атауын қамтиды. Оның 1 200-і сирек кездесетін және әлеуметтік маңызды ауруларды емдеуге арналған. Сонымен қатар, көтерме және бөлшек саудада сатылатын осы дәрілерге ҚҚС қолданылмайды. Сирек және әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеу, диагностика, алдын алу және оңалту бойынша медициналық қызметтерге де ҚҚС салынбайды.
ТМККК және МӘМС шеңберінде дәрілік заттарды өндіру үшін қолданылатын импортталған фармацевтикалық субстанциялар да ҚҚС-тен босатылған. Бұл шаралар 2025 жылғы 31 желтоқсанда қабылданған Үкіметтің №1203 қаулысы және 2026 жылғы қаңтардан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексі шеңберінде іске асырылады.
Қабылданған шешімдер пациенттерге қолдау көрсетуге, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, медициналық ұйымдардың қаржылық жүктемесін азайтуға және отандық фармацевтика саласын дамытуға бағытталған.
Сонымен қатар, жаңа Салық кодексіне сәйкес көтерме және бөлшек саудада дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға ҚҚС төмендетілген мөлшерлемемен қолданылады: 2026 жылғы қаңтардан бастап – 5%, ал 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап – 10%.
Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, рецептілік дәрілерді реттеу мерзімін 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін ұзартты.
Бұл шаралар денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру мен халықты әлеуметтік қорғауды күшейту саясатының бір бөлігі болып табылады. Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылы Денсаулық сақтау министрлігі бөлшек саудадағы дәрілерге шекті бағаларды енгізді. Соның нәтижесінде 3 780 атау бойынша дәрі-дәрмектердің бағасы орта есеппен 26%-ға төмендеді.
Шекті бағаны бұзған 28 факт тіркеліп, жалпы сомасы 5,7 млн теңге әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Дәріханаға барған кезде дәрі-дәрмектердің ағымдағы бағасын Dari.kz мобильдік қосымшасы арқылы тексеруге болады.

