STEPPENEWS.KZ: Қазақстанда екінші деңгейлі банктер қарыз алушылардың төлем қабілеттілігін бағалау талаптарын күшейте бастайды. Енді несие беру кезіндегі басты өзгеріс — бұрынғы бірыңғай жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінен (ЖТСМ) бас тартып, әрбір клиентке жеке тәсіл қолдану болмақ.
Жаңа ережеге сәйкес, ипотека мөлшерлемесі қарыз алушының нақты жағдайына байланысты дербес есептеледі. Пайыздық мөлшерлеменің көлеміне клиенттің бастапқы жарнасы, табыс деңгейі, несие тарихы, қарыз жүктемесі және отбасы құрамы тікелей әсер етеді. Бұл банктерге тәуекелдерді нақтырақ бағалауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, банктер енді тек зейнетақы аударымдарымен расталған ресми табыстарды ғана негізге алады. Бұдан былай табысын дәлелдей алмаған немесе қосымша кепілдігі жоқ азаматтарға ипотека берілмейді. Бұл шаралар елдегі қарыз жүктемесінің шамадан тыс өсуін тежеуге бағытталған.

