Соңғы бір жарым жыл ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі алғашқы медициналық-санитарлық көмек (АМСК) саласындағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру бойынша ауқымды жұмыс жүргізді.
Алғашқы буын медицинасын реформалау
Ведомство мәліметінше, жаңартулардың басты мақсаты – дәрігерлердің жұмыс тиімділігін арттыру және емханалар мен амбулаториялар деңгейінде көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту.
Реформаның негізгі бағыты – алғашқы буын медицина қызметкерлерінің ынтасын арттыру, олардың біліктілігін көтеру және ауруларды ерте диагностикалауға қызығушылығын күшейту.
Дәрігерлерге арналған жаңа ынталандыру жүйесі
Медицина қызметкерлеріне қосымша сыйақы жүйесі енгізілді:
- 5 АЕК-ке дейінгі бонус – онкологиялық және туберкулез ауруларын ерте анықтағаны үшін;
- Ынталандыру компонентінің көлемі екі есе арттырылды;
- Тоқсан сайын 2 млн теңгеге дейінгі сыйақы – жұмыс сапасы бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізген мамандарға беріледі.
Осылайша, дәрігерлердің табысы енді диагностика сапасына, аурулардың алдын алу жұмысына және науқастарға көрсетілетін қызмет деңгейіне тікелей байланысты болады.