Қазақстанда қылмысқа қарсы күресте балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі ерекше назарда. Мемлекет кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылыққа «нөлдік төзімділік» қағидатын ұстанып келеді. Ішкі істер министрлігі заңнаманы жүйелі түрде жетілдіріп, алдын алу және қорғау тетіктерін күшейту арқылы балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шараларды іске асырып келеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыстар үшін жауапкершілік айтарлықтай күшейтілді. Зорлау және жыныстық зорлық-зомбылық ауыр қылмыстар санатына жатқызылып, тараптардың татуласуына жол берілмейді.
Сонымен қатар, педофилдер енді кешірім жасау және мерзімінен бұрын босату құқығынсыз ең жоғары қауіпсіздік деңгейіндегі мекемелерде жазасын өтейді. Мұндай қылмыстарды жасыру фактілері үшін де 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бұл – балалардың жыныстық тиіспеушілігіне қол сұғуға «нөлдік төзімділік» қағидатының нақты көрінісі.
Еліміздің барлық өңірінде әкімдіктер жанынан ведомствоаралық мобильдік топтар құрылды. Олардың құрамына бала құқықтары жөніндегі уәкілдер, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, білім беру органдарының өкілдері, прокуратура және учаскелік инспекторлар кіреді.
Бұл топтардың негізгі міндеті – балалардың құқықтарының бұзылуына жедел ден қою және нақты көмек көрсету. Осы мақсатта өңірлерде арнайы жедел байланыс чаттары ашылып, тұрғындар тарапынан келіп түскен сигналдар бойынша жедел әрекет ету тетігі қалыптастырылған.
Сонымен қатар, 2023 жылдың желтоқсанында бірнеше мемлекеттік орган бірлесіп бекіткен әдістеме аясында кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық, буллинг және кибербуллинг жағдайларын ерте анықтау және оларға көмек көрсету жүйесі енгізілді. Бұл тәсіл мектептер мен әлеуметтік ортада балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жаңа деңгейін қалыптастырды.
2024 жылдың 15 сәуірінен бастап қабылданған заңнамалық түзетулерге сәйкес, әрбір мектепке учаскелік, ювеналды және криминалдық полиция инспекторлары бекітілді. Олар кәмелетке толмағандар арасында профилактикалық жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп отырады. Құқықбұзушылыққа жиі баратын балалардың істері кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияда қаралып, қажет болған жағдайда арнайы білім беру ұйымдарына жіберіледі. Ал полиция органдары сонымен қатар балалардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заңға бағынатын мінез-құлықты қалыптастыру мақсатында жоспарлы түсіндіру және алдын алу іс-шараларын өткізіп келеді.
Қорытындылай келе, Ішкі істер министрлігі мен басқа да уәкілетті органдар жүзеге асырып отырған кешенді шаралар балалардың құқығын қорғау саласындағы жағдайды айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік беріп отыр. Қатаң заңнамалық нормалар, тиімді ведомствоаралық өзара іс-қимыл және жүйелі профилактика – қоғамда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі кепілі.
