Қазақстанда таеквондодан 2027 жылғы әлем чемпионаты өтеді.
Бұл шешім Қытайдың Уси қаласындағы Дүниежүзілік таеквондо (WT) федерациясының әлем чемпионаты аясындағы жиынында ресми түрде жарияланды.
Ұлттық Олимпиадалық комитеттің мәліметінше, Дүниежүзілік федерацияға мүше елдердің өкілдері бірауыздан Қазақстанның кандидатурасын қолдады.
«Олар Астанада өткен халықаралық турнирлердің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын ерекше атап өтті», — деп жазылған хабарламада.
Алдағы әлем чемпионаты Қазақстанда және Орталық Азияда алғаш рет өтпек. Федерация турнирді Астанада ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Айта кетері, қазіргі таңда Уси қаласына әлемнің 179 елінен 991 таеквондошы 2025 жылғы әлем чемпионатына қатысуға жиналды. 24-30 қазан аралығында өтетін әлем біріншілігінде ел намысын 16 таеквондошы қорғайды.