STEPPENEWS.KZ: Премьер-министр Олжас Бектенов елімізде көлік инфрақұрылымын ауқымды түрде дамыту жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Алдағы жылдары Қазақстанда шамамен 11 мың шақырым автожол салынып, қайта жаңғыртылады, сондай-ақ теміржол желілері жаңартылып, кеңейтілед, деп хабарлайды STEPPENEWS.KZ Syrmedia.kz телеграм каналына сілтеме жасап.
«11 мың шақырым автожолды салу және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі», – деп атап өтті Премьер-министр Олжас Бектенов.
Үкімет жүк және жолаушы тасымалының тиімділігін арттыруға басымдық беріп отыр. Биыл жалпы ұзындығы 475 шақырымды құрайтын екі жаңа теміржол желісі пайдалануға беріліп, шамамен 3 мың шақырым теміржол жаңартылады. Бұл шаралар Қазақстан арқылы өтетін транзит көлемін 60% дейін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Қытай шекарасынан Каспий теңізіне дейінгі жүк жеткізу уақыты 84 сағаттан 55 сағатқа дейін қысқарады.
Әуе қатынасы саласында да бірқатар жобалар жоспарланған. Астанада екінші ұшу-қону жолағының құрылысы басталады. Бұл елорда әуежайының өткізу қабілетін төрт есеге арттырып, жылына 40 миллион жолаушыға дейін қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Ал Алматыда ішкі терминалдың реконструкциясы аяқталады. Соның нәтижесінде мегаполис әуежайы жылына 19 миллион жолаушыны қабылдай алатын деңгейге жетеді.

