Еnergyprom.kz Қазақстанда және басқа елдерде тұрғын үй-коммуналдық қызметтерге (ТКҚ) жұмсалатын шығынды салыстырды.
Ол үшін Numbeo халықаралық деректер қорындағы деректер негізге алынды: электрмен жабдықтау, жылыту, ауа баптау жүйесі, сумен қамту және қоқыс шығару шығындары есептелді.
«Қазақстанда жоғарыда аталған тізім бойынша тұрғын үй-коммуналдық қызметтерге жұмсалатын орташа айлық шығын көлемі 27,1 АҚШ долларын немесе шамамен 15 мың теңгені құрады. Осы көрсеткіш бойынша Қазақстан 127 елдің ішінде қымбатшылық жөнінен 98-орынды иеленді», — деп жазды портал.
ТМД мен ОА елдерінің басым бөлігінде коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығын көлемі Қазақстаннан қымбат болып шықты:
- Әзербайжанда 30 АҚШ долларына,
- Украинада 47,6 АҚШ долларына,
- Ресейде 57,2 АҚШ долларына,
- Арменияда 60,5 АҚШ долларына,
- Молдовада тіпті 88,4 АҚШ долларына дейін жеткен.
Биылғы жылдың қыркүйек айындағы деректер бойынша Қазақстанмен шамалас айлық орташа шығындар Беларусь пен Өзбекстанда байқалды: 25,5 және 26,8 АҚШ доллары.
Ал аймақтағы ең төмен көрсеткіштер Тәжікстан мен Қырғызстанда тіркелді, шығын көлемі 21,8 және 19,8 АҚШ долларына тең.
Посткеңестік кеңістіктегі елдерге көз жүгіртсек, Балтық елдерінде коммуналдық қызметтердің құны әлем бойынша қымбат болып саналады. Мәселен, Эстонияда — 161,9 АҚШ доллары, Латвияда — 159,6 АҚШ доллары, ал Литвада — 120,2 АҚШ доллары. Бұл елдер ТКҚ қымбаттылығы жағынан 5-інші, 6-ыншы және 16-ыншы орындарға ие. Салыстыру үшін айтар болсақ, Грузияда да бұл көрсеткіш Қазақстаннан жоғары — 37,1 АҚШ доллары.
«Еуропаның дамыған елдерінің тұрғындары коммуналдық қызметтерге ең көп қаражат жұмсайтындардың қатарына енді: 2025 жылғы 24 қыркүйектегі жағдай бойынша Ұлыбританияда коммуналдық қызметтерге жұмсалатын ай сайынғы орташа шығын — 162,2 АҚШ доллары, Германияда — 177,6 АҚШ доллары, Австрияда — 193,6 АҚШ доллары», — дейді мамандар.
Демек, Қазақстанда ТКҚ бағасы халық үшін әлі де қолжетімді деңгейде. Салыстырсақ, Австрияда коммуналдық қызметке жұмсалатын шығын елімізде жұмсалатын шығыннан жеті есе көп.
Тағы бір назар аударарлық жайт, ЕАЭО құрамындағы көршілеріміз Армения мен Ресейде ТКҚ шығыны екі есе, ал Молдовада үш есе жоғары.

