Қазақстанда жасанды интеллектіні үкіметтегі қандай да бір лауазымға тағайындау әзірге жоспарда жоқ. Бұл туралы жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев мәлімдеді.
Оның айтуынша, қолданыстағы заңнама ЖИ-ді министрлер кабинетінің мүшесі етуге мүмкіндік бермейді.
«Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан әлемде бірінші болып жасанды интеллект министрлігін құрды. Бірақ жасанды интеллектіні министр немесе вице-министр етіп тағайындауға заңнамамыз әзірге мүмкіндік бермейді», — деді Мұсалиев Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.
Вице-министр заң бойынша елімізде жеке тұлға ғана мемлекеттік қызметкер бола алатынын атап өтті.
«Сол себепті әзірге мұндай жоспар жоқ», — деп қысқа қайырды ол.
Жуырда Албанияда әлемдегі алғашқы ЖИ-министр тағайындалғаны туралы ақпарат тараған болатын.