STEPPENEWS.KZ: Қазақстан құрамасы Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында басталған XXV қысқы Олимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. 22 ақпанға дейін жалғасатын ақ алау додасында еліміздің намысын спорттың 10 түрінен 36 спортшы қорғайды.

Миландағы «Сан-Сиро» стадионында өткен ұлттар шеруінде еліміздің көк байрағын шорт-трекші Денис Никиша мен фристайлшы Аяулым Әмренова ұстап шықты. Биылғы «Armonia» («Үйлесім») деп аталған салтанатты шараның ерекшелігі — ол бір мезетте төрт нысанда ұйымдастырылды. Олимпиада алауы Миландағы Триумфальды арка мен Кортина-д’Ампеццодағы Дибона алаңында қатар тұтанды.

Алдағы күндері 93 елден келген 3000-ға жуық спортшы 116 медаль жиынтығын сарапқа салады. Қазақстандық атлеттер 16 дисциплина бойынша бақ сынайтын болады.

