STEPPENEWS.KZ: Central Asia Investment & Trade Service Center ұйымдастыруымен Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған іскерлік кездесу өтті. Шараға Қытайдың Нинся-Хуэй автономиялық ауданының өкілдері қатысып, екіжақты қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруге дайын екендерін мәлімдеді.

Кездесу барысында тараптар инвестициялық мүмкіндіктерді, экспорт-импорт бағыттарын және бірлескен жобаларды талқылады. Қытай делегациясы құрылыс материалдары, азық-түлік өнімдері және өндірістік тауарларды ұсынып, Қазақстан нарығымен тығыз жұмыс істеуге қызығушылық танытты.
Өз кезегінде қазақстандық тарап Қытайға экспорттауға дайын табиғи және экологиялық таза өнімдерін таныстырды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімдері, табиғи азық-түлік және отандық өндіріс тауарлары ұсынылды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іскерлік кездесулер екі ел арасындағы сауда байланысын күшейтіп, жаңа инвестициялық жобалардың жүзеге асуына жол ашады. Сонымен қатар, бұл шара Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық серіктестікті дамытуға және кәсіпкерлер арасындағы тікелей байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.

