STEPPENEWS.KZ: Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Еуропалық одақтың Елшісі Алешка Симкичпен кездесті. Кездесу 2025 жылғы 2 желтоқсанда Брюссель қаласында Қазақстан мен Еуропалық одақ арасында жеңілдетілген визалық режим және реадмиссия туралы келісімдер жасасу жөніндегі келіссөздердің ресми түрде басталуына арналды.
Кездесу барысында тараптар келіссөздердің басталуы Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы өзара сенім деңгейінің артқанын білдіретінін атап өтті. Сонымен қатар бұл қадам азаматтардың жүріп-тұру мүмкіндіктерін кеңейтуге, мобильдігін арттыруға, сондай-ақ гуманитарлық және қоғамдық байланыстарды нығайтуға бағытталғаны айтылды.
Аталған бастама Еуропалық одақ пен Орталық Азия елдері арасындағы осындай форматтағы алғашқы келіссөздер екенін атап өткен тараптар оған ерекше, тарихи мән берді.
Тараптардың уағдаластығына сәйкес, келіссөздер 2026 жылы Астана қаласында жалғасын табады.

