Үкімет күштік құрылымдарға 2026 жылы 3 триллион теңге бөледі. Бұл туралы қаржы министрі Мәди Тәкиев мәлімдеді.
«Күштік құрылымдарды қаржыландыруға 2026 жылы 3 трлн теңге жоспарланып отыр, бұл осы жылмен салыстырғанда 335 млрд теңгеге артық. Осылайша, қорғанысқа жұмсалатын шығыстар жалпы ішкі өнімнің 1%-ын құрайды», — деді Тәкиев Мәжілістің жалпы отырысында.
Министр бұл қаражат жауынгерлік дайындықты сақтаумен қатар, жүйелі жаңартуларға да бағытталғанын атап өтті.
Бүгін Мәжілісте депутаттар «2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын қарап жатыр.