STEPPENEWS.KZ: KAZINFORM мәліметінше, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте Қазақстанның Еуропа нарығына ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау жоспарына тоқталды.
Министрдің айтуынша, Қазақстан балды Еуропаға экспорттау мәселесін толық реттеген. Ендігі кезекте қой және жылқы етін Еуропа нарығына шығару бағытында нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр.
— Еуропадан мамандар келіп, ет комбинаттарын қарайды, тексереді. Сауалнама хаттарын толтырамыз. Ескертуі болса, қайта толтырамыз. Мүмкін осы мәселелер жарты жылдың ішінде реттеледі, — деді Айдарбек Сапаров.
Оның айтуынша, ет экспортын жолға қою балға қарағанда әлдеқайда күрделі. Себебі Еуропа елдері ветеринарлық әрі санитарлық талаптарды қатаң сақтауды міндеттейді. Осыған байланысты еуропалық инспекторлар Қазақстанға арнайы келіп, ет өңдеу кәсіпорындарын тексеріп, өндірістік стандарттардың сәйкестігін бағалайды. Барлық талаптар толық орындалған жағдайда ғана қазақстандық ет өнімдерін Еуропа нарығына экспорттауға мүмкіндік беріледі.

